Рецензиялау ережелері

«Қазақстан өндіріс көлігі» журнал редакциясына келіп түскен барлық ғылыми мақалалар техникалық талаптарға сәйкестігі мен плагиатқа тексеруден өткеннен кейін, тексеру нәтижелерімен бірге жауапты редактор тарапынан рецензенттерге жолданады.
Мақалалар міндетті қос соқыр рецензиялау рәсімінен өтеді (мақала авторларының есімдері рецензенттерге, ал рецензенттердің есімдері авторларға белгісіз болады).

Ғылыми бағыттар үшін жауапты редакциялық алқа мүшесі автор туралы мәліметтерді көрсетпей, мақаланы журналдың онлайн-жүйесі арқылы зерттеу тақырыбына сәйкес немесе соған жақын бағыттағы екі тәуелсіз ғалымға — рецензенттерге жолдайды. Редакциялық алқа мүшелері рецензент бола алмайды.
Рецензенттер ретінде журнал сайтында тіркеліп, рецензенттер базасына енгізілген мамандар тартылады. Рецензиялау мерзімі әр жағдайға байланысты редакциямен анықталады.

Рецензияның сапасы мен уақтылы орындалуына жауапкершілік жауапты редакторға жүктеледі.

Рецензиялау құпия түрде жүргізіледі. Рецензенттерге жіберілген қолжазбалар авторлардың зияткерлік меншігі болып табылады және жариялауға жатпайтын ақпарат ретінде қарастырылады. Құпиялылық тек рецензент қолжазбада жалған немесе бұрмаланған деректер анықталған жағдайда ғана бұзылуы мүмкін.
Егер рецензент берілген материалдарда деректерді түсіндіру кезінде мүдделер қақтығысын анықтаса, ол рецензиялаудан бас тартуға құқылы.

Рецензияда мақаланы түзету немесе жетілдіру жөнінде ұсыныстар болған жағдайда, автор оларды жаңа нұсқасын дайындау кезінде ескеруі немесе дәлелді түрде (ішінара немесе толық) жоққа шығаруы тиіс. Түзетілген (қайта өңделген) мақала сол сын пікір білдірген рецензентке қайта жіберіледі.

Рецензент жариялауға ұсынбаған мақала қайта қарауға қабылданбайды. Позитивті рецензияның болуы мақаланы жариялауға жеткілікті негіз болып табылмайды. Мақаланы жариялау мүмкіндігі туралы түпкілікті шешімді бас редактор және жауапты редактор қабылдайды.

Жариялауға жіберілмейді:

– талаптарға сәйкес рәсімделмеген және авторлары техникалық түзетулер енгізуден бас тартқан мақалалар;

– рецензент ескертпелерін орындамаған немесе дәлелді түрде жоққа шығармаған авторлардың мақалалары;

– плагиат тексерісінен өтпеген, түпнұсқалық көрсеткіші төмен мақалалар;

– ғылыми жаңалығы жоқ, ғылыми әдістер мен деректерді талдау нәтижелерін қамтымаған мақалалар.

Рецензия мазмұны бойынша нұсқаулық

Магистранттар мен докторанттар мақаланы жариялауға ұсынатын ғылыми жетекшінің рецензиясын ұсынуы тиіс (ғылыми дәрежесі бар авторлар үшін бұл талап қойылмайды).
Ғылыми кеңесшінің немесе жетекшінің пікірінің орнына тақырыпқа сәйкес жетекші маманның пікірі немесе мақала жазылған мекеменің Ғылыми кеңесінің шешімі ұсынылуы мүмкін.

Барлық пікірлер мен рецензиялар электрондық түрде (Word форматында) және жұмыс орындалған ұйымның қолы мен мөрімен расталған сканерленген түпнұсқамен бірге тапсырылады. Көлемі – 0,5 беттен аспауға тиіс.

Рецензия мақала материалын кәсіби тұрғыдан талдауды, оның мазмұнына объективті және дәлелді баға беруді және ашық басылымға ұсынуға қатысты негізделген ұсынымдарды қамтуы тиіс.

Рецензенттер мақалаларды белгіленген форма бойынша келесі өлшемдер арқылы бағалайды:

 

– мақаланың атауының дәлдігі мен айқындығы;

– тақырыптың өзектілігі мен журнал үшін басымдылығы;

– мамандар мен жалпы оқырманға қызығушылық тудыру деңгейі;

– мақаланың мазмұнының журналдың бейіні мен ғылыми талаптарға сәйкестігі;

– мақаланың сипаты (негізгі, пәнаралық, қолданбалы, шолу, реферативті);

– зерттеу мәселесінің ғылыми жаңалығы және оны шешудің ерекшелігі;

– алынған деректер мен қорытындылардың практикалық құндылығы;

– сенімді дереккөздер мен ғылыми әдебиеттерге сүйену деңгейі;

– эмпирикалық зерттеулер нәтижелерін пайдалану (оның ішінде автордың өз еңбегі);

– мақаланың тілі мен стилінің ғылыми деңгейі;

– қолданылған әдістер мен зерттеу нәтижелерінің заманауи ғылыми жетістіктерге сәйкестігі;

– мақаланың жалпы көлемі мен оның ұтымдылығы (мәтін, иллюстрациялар, әдебиеттер тізімі);

– иллюстративті материалдың мазмұнға сәйкестігі;

– мақаладағы фактілік қателер мен бұрмалаулардың бар-жоғы;

– аннотация, түйінді сөздер және әдебиеттер тізімін рәсімдеу сапасы.

Рецензенттің ескертулері мен ұсыныстары объективті, ғылыми деңгейін арттыруға бағытталған болуы керек.

Рецензияның қорытынды бөлімінде мақалаға жалпы баға және оның жариялану мүмкіндігі туралы нақты, дәлелді ұсыным берілуі тиіс:

– мақала қазіргі күйінде жариялауға ұсынылады;

– мақала рецензент ескертпелерін түзеткеннен кейін жариялауға ұсынылады;

– мақала қосымша рецензиялауды қажет етеді;

– мақала журналда жариялануға жатпайды.

Редакцияға мақаланың келіп түсу уақыты оның жариялану кезегін анықтауда ескеріледі.

Қолжазбаны қарау орташа мерзімі – 1 ай.